Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ҚҰРМАНҒАЗЫ САҒЫРБАЙҰЛЫ


Құрманғазы Сағырбайұлы (1818-1889) –қазақтың классик күйші-композиторы, күрескер,  батыр ұлы.

Өмірбаяны

Күй атасы Құрманғазы Сағырбаев қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы (бұрынғы Гурьев обл. Теңіз ауданы) Жиделі деген жерде кедей жалшы Сағырбай мен Алқа ананың отбасында дүниеге келген. Бұрынғы КСРО-ның Астрахан облысына қарасты «Шайтан батаға» деген жерінде қайтыс болып, Алтын жар деген жерге жерленеді.

Құрманғазы Сағырбаев қазақтың кіші жүзінен тарайтын Он екі ата Байұлының Қызыл құрт (Қызыл бөрі, Боз құрт – Бас бөрі – Ата бөрі дегендері сияқты) руынан шыққан. Сағырбайдың тұңғыш ұлы. Алқа қыз күнінде талай рет палуанға түсіп аты шыққан алып ана, әрі аса мейірбан ана еді. Құрбан айт күні туғандықтан ұлы мерекенің құрметіне Құрманғазы деген ат беріпті.

Кішкентай Құрманғазының тәрбиесімен тек анасы айналысады. Кедейшілік алты жасар Құрманғазыға Әубәкір байдың қозысын бақтырады. Өз қатарынан ерте есейген Құрманғазының музыкаға қызығуы да ерте басталады. Әкесі долбарлап жасап берген кішкентай домбырасын қозы соңында жүргенде де тастамай шертуді әдетке айналдырады.

Болашақ күйші–композитор 15-16 жасынан бастап қойшылықпен қоштасып күй өнерінің соңына біржола түседі.

1836-1837 жылдардағы Исатай-Махамбет бастаған көтеріліске Қызыл құрт жасағымен бірге қатысады. Күйшінің алғашқы күйі «Кішкентай» осы үш оқиғаға байланысты шыққан делінеді. Осыдан былай қарайғы өмірін айдау, абақты, қашқындық арқау етіп шығарған жүзге тарта күйлерінің барлығы ғұмырбаяндық төл тумалары болатын.

Ұлы күйші-композитордың өмір дерегіне зер салған адам оның жан-жүрегінен қайнап шыққан күйлерінің хроникасын тізбелеу арқылы-ақ бір дәуірдің аласапыран тарихи оқиғаларынан хабардар бола алады.

Еңбегі

Құрманғазы Сағырбайұлы қазақтың аспаптық музыкасын дамытып, оны әлемдік деңгейге көтерген классик композиторы. Оның күйлері тақырып, стиль, идеялық мазмұн және мүлде жаңаша композициясы һәм көркемдігімен музыка зерттеушілерді таңқалдырып келеді. Үйткені, ешқандай музыкалық сауаты болмаса да және екі ішекті қарапайым домбырасымен-ақ  халқының мұң-зарын, қоғамдық болмыс бітімін, қуанышы мен өр рухын, эстетикалық талғам-танымын музыка тілімен шебер жеткізе білді.

Құрманғазыны даңққа бөлеген тамаша күйлері оның қандай қиын-қыстау, зорлық-зомбылықтарға мойымаған өр рухын, сарқылмас жасампаздық күш-қайратын танытып еді. Сондықтан ұлы күйші композитор артына соншама бай мұра қалдыра алды, жаңаша күй мектебін қалыптастырып, талантты мұрагер шәкірттер легін тәрбиелеп берді.

Сол аса дарынды шәкірттерінің арқасында ұлы күйшінің бай мұрасы халқының рухани-мәдени игілігіне айналды. Құрманғазының жеке адами тұлғасы замандастарының көз алдында алып күштің, астынан бәйге бермес тұлпар түспеген атбегілігін, жауырыны жерге тимеген палуандығын, атқан оғы жерге түспеген мергендігі мен құсбегілігін, сондай-ақ өз сөзімен айтқанда: «…Құрманғазы ешқашан да берілмейді және тағдырына бас имейтін сегіз қырлы, бір сырлы тау тұлға болып қалған болатын.

Ұлықталуы

Қазақ халқы өзінің осындай ұлы тұлғасын мақтан тұтып, оған барынша құрмет көрсетіп келеді. Академик Ахмет Жұбанов «Құрманғазы» атты тамаша монографиясы арқылы ұлы күйші жөнінде ғылыми, теориялық жүйе жасап берді. Ұлы күйшінің 100-150-200 жылдық мерейтойлары А.Жұбанов анықтап кеткен атаулы күндер бойынша мемлекеттік деңгейде аталып келеді. Қазақтың тұңғыш ұлт аспаптар оркестрі және Қазақтың ұлттық консерваториясы ұлы күйші-композитордың есімімен аталады. Күйшінің жиырмадан аса күйі оркестрге түсіріліп осы өнер ордаларында орындалып келеді. Атырауда оның атындағы Мәдениет сарайы, Оралда Саз колледжі, сондай-ақ еліміздің басты қалаларында еңселі ескерткіштер, даңғылдар мен көшелер, аудан-ауыл аттары бар. Құрманғазы атындағы республикалық конкурстар үш жылда бір өткізіліп, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталады.

Ұлы композитордың күйлері көптеген опералық, симфониялық шығармаларда, кино-театрлардағы қойылымдарда пайдаланылып келеді. Ұлы тұлғамыз өз ұлылығына қарай әспеттеліп, ардақталып келеді.